Автор туралы Өлеңдер Жинақтар Әндер Зерттеулер Галерея Қонақ кітабы
← Барлық өлеңдер
adirna

Нама

Айкезбе болған пенде едім,
Қос көлімнен қан аққан,
Қос жағымнан зар аққан,
Күрсінісіме күн сіңіп,
Көкірегімнен таң атқан,
Мен – ақын деген шерлі едім.

Аққуда құстың қанымын,
Кертолғау жырдың зарымын.
Қара өлеңіме қададым,
Қарашығымның мамығын.
Аспани қанат қиялдан,
Тәңірісі жебеп сый алған.
Құс мүсін өлең дүр еткен,
Көмейіндегі ұядан,
Мен – ақын деген шерлі едім.

Көзінде теңіз тулаған,
Көгінде қиял шулаған.
Анаға тәні сыйғанмен,
Далаға тәні сыймаған.
Тілінен нөсер септірген,
Жұпар дауысы Көк тілген.
Таңдайын нұрға тоғытып,
Маңдайын желге өптірген,

Мен – ақын деген шерлі едім.

Кеудеме қонған үйректің,
Көзінен тамшы бүрлеттім.
Омырауынан ой саудым,
Қара өлең деген дірдектің.
Тәңірі деген биімнің,
Сөз деген ғажап сыйымын.
Домалақ баспен көтердім,
Дөңгелек жердің күйігін.

Есінен өлең есілген,
Көк үйрек ұшқан төсінен.
Қап-қара жерде тұрғанмен,
Қағазда ғұмыр кешірген,
Мен – ақын деген шерлі едім.

Мен – ақын деген әулие,
Ар-иманнан кенде емен,
Пайғамбар жолын жөн көргем.
Сыйыспадым тірлікте,
Сырты – тері, іші – боқ,
«Адам» деген пендемен.

Көкірегі желдеген,
Кеуделерден сенделгем,
Мен – кедей деген жұрттанмын,
Креслоның астында
Көзімнің жасы жерленген.

Тура бір жолды сүйіп ем,
Жағыну келмей қолымнан,
Ол-дағы болды сорымнан,
Иілмеп едім ит тірлік
Жалғыз да қалдым, жалған-ай,
Жағымпаздығымның жоғынан.

….Бота тірсек, киік күн,
Запыран жұттым күйіктен.
Заманым былай болғасын
Иығымдағы жұмырдың,
Екі інгенін иіттім.

Дүние-ай, бүгін мұңдымын...
Бұрымдымды құл еткен,

Бұралқы етіп жүдеткен.
Есіл дүние-ай, не дейін,
Ерке қызың нан тапты,
Етекке біткен бір етпен.

Бес күндік жалған сынадан,
Тәнінен тоят сұраған.
Бөксеге басы шырмалып,
Бөтелкеден құлаған.
Ей, қазақ еркек кіндігің.

Ғұмыры келте шешілген,
Шарана кетпес есімнен.
Кінәсіз менің періштем,
Пышаққа тумай кесілген.

Алжасқан мидың мастығы,
Жетімдер үйін ашқызды.
Талайды әлі істетер,
Жүрегіміздің тастығы.

Адамнан жаздық азасын,
Алладан болған қазасын.
Уақытша ғана ғұмырдың
Қасіретіне байладық,
Құнанбайдың да баласын.

Осыны қазір ойласам,
Қасқалдақ қаным мұздаған,
Қабылан сүйек сыздаған,
Тәңіріні сүй, әйтпесе
Қоңырсыған қу тірлік,
Кімдердің арын бұзбаған.

Адам Ата баласы,
Төсіңе табан бастырма,
Тірлікке бола қас қылма,
Сіз мекен қылған ғұмырдың
Бес күні жердің үстінде,
Шексізі жердің астында.

Мен бөгдеге сенбеймін,
Бір күні қайғы шектірер,
Қабырғаңды сөктірер,

Ол ертең туған тұқымға
Бабаңнан қалған мүрденің,
Бас сүйегін тепкізер.
Санаңа шіре салдырып,
Қабағына қаратар,
Келекеге жаратар,
Кеудеңнен намыс кеткен күн
Айуандығын асырып,
Аяқтың күсін жалатар.

Құрсақты жұртым пәктегін,
Рухы сонда ұлтыңның,
Қайнары сонда құтыңның,
Есіңде болсын есіл ел,
Жат сарып кеткен жатырдан,
Жақсы боп тумас тұқымың.

Өр қазақтың тұяғы,
Күлдір де, күлдір, күлдір де,
Күлкіні басқа ілдір ме,
Алланың нұрын аңсасаң
Кірпиязыңды кірлетіп,
Көрпеңе күнә сіңдірме.

Хауа Ананың жалғасы,
Болмысыңнан бүтін ең,
Бес күндікке түтілмен,
Абыройыңды үркітсең,
Ұшынбай ма ұрпағың,
Омырауыңның сүтінен.

Хаһнамамды айтсам қаумана,
Өлеңдей кие үркектің,
Көкірегіне күн төктім,
Шыңыраудан сөз сауып,
Қыбын бір тапсам деп едім,
Қызыл тіл деген шикі еттің.

Мен – ақын деген пірәдәр,
Солай да, солай мұң шақтым,
Анығымды айтсам бір сәтпін,
Бұйрығыменен Тәңірдің
Ақ қағаздың үстіне,
Ақбөкен ойды жусаттым.