Автор туралы Өлеңдер Жинақтар Әндер Зерттеулер Галерея Қонақ кітабы
← Барлық өлеңдер
adirna

Сурет

Түн.
Өзгелер уыз ұйқы ұртап алған,
Кірпігім сусар басын шыққа малған.
Ойларым зеңгір көктен ою тіліп,
Шолпанның шуағымен бұлт жамаған.

Қаңтар қақап тұрғанмен қабағымда,
Тамыз түлеп тұрады жанарымда.
Бәлкім, менің арманым бүр атып тұр,
Ақпандағы ақ гүлдің сабағында.

Жылжымалы кеңістік тұрсын қайтып,
Күн мен түннің келгенін жүрсін айтып.
Кешкілік қызыл күрең күн астынан,
Көлеңкелер келеді бүршік атып.

Өлең іздеп жатқанда үркер өңді,
Бүйірімнен ақ шүлен бұлт өреді.
Бұғы мүйіз қара түн осы сәтте,
Қабырғамның тұсына сүйкенеді.

Жел қанат сөз болмасам егер де мен,
Күні ертең кемеңгерге теңелер ме ем.
Кеудемде найзағайлы күн күркіреп,
Жанарым жасыл жаңбыр себелеген.

Жирен жыр жүрегімде аңқылдаған,
Бөрте күн бүйірімде салқындаған.
Төсімнің тұнығына құс шомылып,
Қаз үні тамырымда қаңқылдаған.

Құйқадан қиял сауып күн өткерген,
Неге құштар екенмін түнекке мен.
Үркердің үрпісінен көмейіме,
Күп-күрең жыр ағады шүмектеген.

Тулаған тамырымның бүлкілі мен,
Қай қайғымды айтайын, шіркін, өлең?!
Біз деген тамшы сынды тағдырмыз ғой,
Жалғанның жас боп аққан кірпігінен.